Фото: ашық дереккөз
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамы мен Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігі азық-түлік жеткізу саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.
Парсы шығанағындағы соғыстан мұнай экспорты 44 пайызға құлдыраған
Қазіргі таңда Тәжікстан ішкі өндіріс есебінен елдің азық-түлік қажеттілігінің шамамен 40 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр. Ал Қазақстан Тәжікстанның негізгі астық жеткізушілерінің бірі саналады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы Қазақстаннан Тәжікстанға жеткізілген бидай көлемі 1,2 миллион тоннаға жетіп, соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткішті құрады. Ал Тәжікстан тарапы ағымдағы маусымда 1,3 миллион тоннаға дейін астық өнімдерін импорттауды жоспарлап отыр.
Таяу Шығыстағы дағдарыстың Қазақстан экспортына әсері қандай?
Тәжікстан Республикасының Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігінің директоры Нурмахмад Ахмадзоданың айтуынша, тараптар тек астық емес, сондай-ақ ұн мен күнбағыс майын жеткізу бағытында да ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.
«Біздің ынтымақтастығымыздың болашағы зор, өйткені азық-түлік қауіпсіздігі кез келген мемлекет үшін әрқашан алдыңғы орында тұрады. Біз тек астық қана емес, сонымен қатар ұн мен күнбағыс майын жеткізуге де мүдделіміз», деді Нурмахмад Ахмадзода.
Өз кезегінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов компанияның Тәжікстанмен әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, серіктестік өзара сенім мен ортақ мақсаттарға негізделген және корпорация жеткізудің тиімді тетіктерін ұсынуға әзір.
Нұрболат АМАНБЕК